ҚАЖЫЛЫҚҚА ДЕНСАУЛЫҚТЫ ДАЙЫНДАУДЫҢ 8 ЖОЛЫ
1) ДӘРІГЕРГЕ ТЕКСЕРІЛУ. Қажылық барысында сауаптардан құр қалмас үшін қажылыққа дейін денсаулыққа мән берген жөн. Себебі қажылық кезінде денсаулығы сыр беріп, апталап төсектен тұра алмай қалған бауырларымызды көргенбіз. Басқа уақыттарда мән бермеген сырқат белгілері қажылық кезінде кедергіге айналуы әбден мүмкін. Сондықтан дәрігерге тексеріліп, нұсқаулықтарына жүзеге асырыңыз;
2) ТІС ДӘРІГЕРІНЕ ҚАРАЛУ. Бір қарағанда маңызды емес болып көрінген тіс ауыруы үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Қасиетті мекенде тістің ауыруы бастың ауыруына себеп болып, құлшылыққа құлшынысы төмендеген бауырларды көзіміз шалған. Сондықтан алдын-ала тіс дәрігеріне көрініп, қаралған артықтық етпейді;
3) ЖАЯУ ЖҮРУГЕ ЖАТТЫҒУ. Бүгінде қаладан тыс жерлерде болмаса, қала ішінде жаяу аз жүретінімізді мойындауымыз керек. Көбіне жеке көлікпен не болмаса қоғамдық көлікпен қатынаймыз. Ал қажылықта құлшылықтар негізінен жаяу жүріп жасалады. Сондықтан жаяу жүругеде жаттығу қажет;
4) ЖАҢА АЯҚКИІМГЕ АЯҚТЫ ҮЙРЕТУ. Мұны да қажылықта жиі байқауға болады. Қажылықта киетін аяқ киімді көбіміз кетерден алдын базардан ала саламыз. Қасиетті жерге жетіп, құлшылыққа құлшыныспен кірісейін дегенде аяғыңызды қысады, өкшеңізді қажайды. Желімі ажырап, тігісі сөгіліп әбден әбігерге салады. Сондықтан ол жақта киетін аяқ киімді осы жақта киіп аяқты үйрету керек;
5) КОНДИЦИОНЕРГЕ ҮЙРЕНУ. Қалыпты жағдайда 40 градус ыстық болып тұратын мекенде кондиционерсіз қиын. Қонақ үй бөлмелерінің бәрі дерлік кондиционермен жабдықталған. Сондықта кондиционерден қажып жүретін бауырларымызға айтарымыз «Оған да бейімделу керек»;
6) ЫСТЫҚҚА ҮЙРЕНУ. Мекке мен Мәдинадағы қалыпты ауа райы 40 градустың үстінде болатынын естіп-біліп жүрген боларсыз?! Мұндай ыстыққа көбіміз үйренбегенбіз. Сәл күн түссе көлеңке іздей жөнелеміз. Ыстық жерде сауапты құлшылық қылу тек айтуға ғана оңай. Сондықтан ыстыққа да үйрену керек. Күннен тығылып көлеңкеде жүре бермей, таза ауа жұтып, тауға шығып тұрсаңыз, нұр үстіне нұр болады;
7) ҚАНДАЙ ТАҒАМДАР ЖАҚПАЙТЫНЫН АНЫҚТАП АЛУ. Адамның ағзасы әр түрлі. Біреуге жаққан тамақ келесі біреуге жақпауы мүмкін. Жақпайтын асты жолда жеп алып, сапар бойы мазасы кетіп әуре болғандарды да байқадық. Сондықтан осы бастан асыңызға мән беріп, қандай тамақтар жегенде мазаңыз кететін біліп алғаныңыз артық болмайды. Себебі осының өзі сіздің құлшылығыңызға кедергі болуы мүмкін;
8) ЖАТТЫҒУ. Себебі қажылық тек қаражатпен жүзеге аспайды. Дене күшін де талап етеді. Күнделікті құлшылық барысында әбден шаршап-шалдығуыңыз мүмкін. Құлшылықты сапалы істеу үшін қосымша қажыр-қайрат керек болады. Сондықтан қажылыққа дейін таңғы-кешкі жаттығуларды жасап, мүмкіндік болса жүгіріп жаттыққаныңыз жөн;
www.qazaqtravel.kz